Жиырма бірінші ғасыр жетістігі жөнінен өмір сүрудің мың-сан түйткілін оңынан шешіп, жан-жақты жарасымды дамуға даңғыл жол ашып жіберген сияқты бір қарағанда. Ой-ниет пен ықылас-пейіл, ұйғарым мен тәуекел секілді сан алуан ұғым-жағдаяттар барысындағы өмір қозғалысының бағытын тап басып тануға қазылық ететін жетекші сала, әлбетте ғылым.
«Болыс болдым мінекиді» ой сарабына салып, салғастырып қарасаң – сол дәуір қазағы портретінің психологиялық дәлдігі жөнінен көркемдік қуаты әлі күнге тәнті ететін кереметінің сыры неде? Ойша тізіп көз алдыңнан өткізе бастаған кезде қатары селдіремеген қалпы арамызда әлі күнге тірі жүргендей тұтас бір галереяның бейнесін елестетіп өтеді. Заматында реніші мен өкпе сызы аралас сезім иектеп, қорыну мен тарынудың өкініші бірден өзегіңе шабатыны жаман. Түн ұйқыңды төрт бөліп, бәрінен құр қалғандай аһ ұрған жағдайлар шынымен де соншалықты маңызды ма? Он тоғызыншы ғасырдың ғақлиясы тақылеттес ой орамдарын тыңдауға кейінгі буын өкілі бейілсіз. Қызмет сатысының дәрежесін кие тұтып, құрметін жасырмай білдіретін мінезді ізгілікке балайтын жұртшылық парқының айнала төңіректен игілігі артып бара жатқаны шамалы қарасаң. Әйтседе бұрынғы мен бүгінгінің айырмашылықтарын барлай шолсаң әдебиет пен өнерге деген құштарлық қазақ бесігіне бөленіп, қазақ әйелінің жүрек үнімен тербетілген кез келген перзент бойынан молынан табылатынын анық аңдайсың. Ұлы ұлт санатындағы жұрттардың жекелеген өкілдерінің руханиятқа деген сергек жанашырлығы әр жайдан аңғарылады. Жасы өзінен көп кіші әйел баласының сезімін «Бейшара жандарды» оқу арқылы оятудан бұрын, шығармаға деген әкесінің зор құрметін баяндайтыны бар. Отбасын құрғаннан кейін тағдыр сынына мойымай төтеп берудің мәнісін адамгершілік қырларын ашу арқылы түсінудің кілтін табудың құпиясы да жеткілікті еді.
Күні бүгінге дейін мінсіз саналған дүниелерді ой сарабына салып көрсең – уақыты өтіп кеткен бос кеңістікке айналған бөлек-салақ, артық-ауыс жайларды ұшырататын сияқтысың. Мінеки, осыған басқа тұрғыдан үңіліп, тыңнан астар іздесе өзгеше ой жаңалығы табылатыны кәміл. Жанкешті күш жұмсаған дүниенің өлмес сыры осында жатыр-ау деген ұйғарымға еріксіз келетінің сондықтан. Дүние құбылысынан еш жаңалық аша алмасаң да, өмір өтпелілігін, өлім ақиқатының кезең-кезең сипат-сынына орай қорытынды жасалынатыны бар. Ауыл мен қаланың рухани айырмашылығы аспан мен жердей деп анықтама берсең жазатайым айтып, ұрынып қалғандай көрінетін шығарсың. Баяғыда қойлы ауылдың жылына бір өтетін слеті бүкіл халықтық мерекеге айналатыны көне көздердің жадында. Оған ауылдан ғана емес, қалалардан зиялы қауым топ-тобымен ағылып келіп, арқа-жарқа бастары түйісіп, сағыныштарын басатын. Сонда насай топыр көпшілікті төбеден шолып тұрған атақты ғалымның: «Қайран қазақтарым, кітап оқымасаңдар да, аман-есен болыңдаршы әйтеуір» дегені бір сұмдық көкейіңе тоқылып қалыпты. Кітап оқымауды қандай ойға сидырып айтты екен жарықтық.
Осы жолдардың иесі пақырыңыздың қазіргі мекен тұрағы – жыр алыбы Жамбыл ауылы. «Тыңда дала Жабылды, тыңда Қастек, Қасқелеңнің» тура қақ ортасы. Айнала төңірегің құлаққа ұрған танадай тыныштық құшағында. Ақын туралы ұйымдастырылған телевизиялық бағдарламада сөйлеп болған соң мұражайды өзіңше аралап, бала кезден таныс экспонаттарға шау тарта бастаған көзбен қарайсың. Ақын мұрасын зерттеп, мақала жазған авторлардың қабырғаға ілінген суреттеріне үңілесің. Бір-екеуінің үлкендігі болмаса қатарың, жасы кішілері бар бәрі біз өз орнымызда лайықты тұрмыз дегендей кейіптері қасқайыңқы. Кенет осылардың арасында бейнең жоқ боп шыққанда бойыңды ашу дұшпан керней бастайтынын өзің де сезбей қалады екенсің. Жұртшылық назарына тәуір іліккен ақын атамыз туралы кітап жазғанды елемеу не деген сұмдық деп атаңа нәлет өзімшілдік дес бермей кететіні бар емес пе. Сабамызға түсіп барып жан-жағыма қарасам, осы ауылдан шыққан жазушы өмір бойы Жамбыл мен ауыл туралы ой толғап келген Орысбай Әбділдаұлының суреті ол қатардан орын алмапты. Ол ол ма, Жамбыл туралы іргелі зерттеу жүргізіп, қомақты еңбек жазған Есмағанбет Ысмайыловқа, «Есімдегілер» деген эссе жанрындағы үздік дүние қалдырған Әбділда Тәжібаевқа, аяқ астынан айтқан өлеңдерін қолма-қол жазып алып, Жамбыл болмысын күнделікке түсірген Ғали Ормановқа деген құрмет өзгеше сезілуі керек емес пе?!
Бұрынғы мен бүгінгінің арасына дәнекерге жүретін кез келген дүние елеусіз қалса – тірілер өз алар орнын анықтауға тегеуріні жетер-жетпес, әйтеуір бар екенін білдіріп шырылдап бағар. Кейінгілерге ақыл айтып ұйыта алмайсың, өмірлік тәжірбиең кәдеге жарайтын шығар деп баяндасаң томсарған үнсіздікке тап келесің тағы. Бәрін жаратылыстың еркі біледіге ұйғару – ноқта-жүгенін сыпырып тастап, еркіне жібере салған мезетте құйғыта жөнелген жылқының алаңсыз қылығына кейіптес мінездер елесі ғана көз алдыңа келетіні несі екен?..
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»